Бозжыра. Пікірталастар тауы: жаңа қонақ үй Бозжыраны оздыра ма, тоздыра ма? » Новостной портал Казахстана — Daynews.kz

Сурет ашық дереккөздерден алынды

2021 жылдың бесінші ақпанында Маңғыстау облысында Бозжыраға қатысты қоғамдық тыңдау өткен болатын. Оның ресми қорытындысы әлі жарияланған жоқ.  Бірақ, Бозжыраға қатысты қоғамдық тыңдау енді өтпейді. Әкімдік өкілдері мен жоба авторлары қоғамдық тыңдау кезінде табиғатқа қандай зиянын келуі мүмкін деген сұраққа жауап бере алмады. Олар тек қонақ үй құрылысының жобасын таныстыруға дайындалған. 

Жалпы, қоғамдық тыңдау өткен күні  зум платформасы арқылы жүзшақты адамды байланысқа қосу үшін әкімдіктің біресе интернеті, біресе, аппараттының күші жетпеген болатын. Көп адамның пікірі техникалық кесірінен немесе уақыт жетпегендіктен есітілмей қалды. Daynews.kz Бозжырадағы қонақ үй құрылысына қатысты айтамын деген пікірі бар Қазақстандағы және шетелдегі адамдарға хабарласып, сұрақ қойды. Мәселеге қатысты олардың аргументтері мен пікірлерін, ресми көзқарастарды ұсынамыз.   

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен тұрғыны, экобелсенді Меңдібай Ағи Бозжырада құрылыс салуға қарсы адамдардың бірі. Ол қоғамдық тыңдауға қатысып, билік өкілдері мен жоба авторларынан өзінің сұрақтарына қатысты жауап алмаған. Меңдібай Ағи Бозжыраның топырағы бір бүлінсе қалпына келмейтін, келсе де, өте қиындықпен қалыпқа түсетін жер қабаты дейді. Өйткені, су астында қалған шатқалдар. Және ол «Бозжырада қонақ үй салса, жергілікті халық жұмысқа қол жеткізеді» деген биліктің «бартеріне» қарсы уәж айтып отыр. 

«Бозжыра – Маңғыстау  түбегіндегі үстірттің ең батыс шегіндегі шыңда жатыр. Ландшафты өте ерекше, тіпті, ешқандай жермен салыстыруға келмейтін ерекшелігі бар. Оның биологиялық құрылымы туралы міндетті түрде айту керек. Себебі, аймақтың биологиялық құрылымы біздің қонақ үй салуға деген қарсылығымызға, қарсы дәлелдерімізге себеп бола алады. Биологиялық құрылымы жөнінде айтсам, бұл үстірт ежелгі теңіздің немесе мұхиттың асты, оның топырағы үгілгіш, жарақаттанғыш тау жыныстарынан тұрады. Және бұл жердің табиғатының өте әлсіздігі, қалпына қайта келмейтіндігі, келгенде де қиындықпен келетініне менің қарсылығымның басты себебі. Оның үстіне, бұл жердің өсімдіктер дүниесі өте жұтаң. Сондықтан, табиғатты сақтау үшін бұл ерекше жерге құрылыс салуға болмайды.  

Бұл аймақтың жарақаттанғыш екенін жергілікті билік өте жақсы біледі. Себебі, терең болмаса да, ғылыми зерттеулер мен ғалымдардың жасағаны жарияланып жатыр. Бірақ, бұл (Бозжыра қонақ үйінің құрылысы- авт) таза саясаттың араласуымен жүзеге аспақшы. Әкімшілік. әміршілік, кабинетттік жүйенің әсері болу керек. 

Ал, инвестор келіп, қонақ үй салса, жергілікті тұрғындарға жұмыс табылады деген уәжге мынаны айтар едім: Маңғыстау мұнайлы өлке. Мұнайдың үстінде отырмыз. Тіпті, республиканың басқа аймақтары үшін донор аймақ шығармыз. Солай бола тұра,  облысымызда жұмыссыздық көп. Басқа облыстарды асырап отыр, бірақ, өзінде жұмыс таппай жүргендер көп Себебі, мұнайлы өлке болған соң, бізге ағылатындар көп. Ия, рас, белгілі бір құрылыс ашылса, жұмыс орны ашылады. Енді осыған жұмысқа кімдерді алады және қандай адамды алады деген сұраққа жауап берейік. Бұл мәселені ұзақ айта беруге болады, бірақ, қысқа қайырсам, халықтың көңілін көтеру үшін 200 жұмыс орнын ашамыз деп отыр. Бірақ, ақысы жоғары, жақсы жұмысқа орналасу үшін тіл білетін, біліктілігі жоғары маман керек болады. Дәл осы жергілікті халық арасынан олар тек күзетші, еден жуушы немесе буфет сатушысын алатын шығар. Бәрі бір жоғары жалақысы бар жұмыс жергілікті тұрғынға бұйырмайды», — дейді ол. 

Айта кетейік, Қарақия ауданында Safari Hotel қонақ үй кешенін және «Визит-орталық» салу үшін «TETHYS INTERNATIONAL HUB LTD»  38,6 млрд теңге инвестиция салып,  200 жұмыс орны ашпақ. Инвестор  қонақ үйді  2021 жылдың 4 тоқсанында іске қоспақшы. 

Маңғыстаудың тағы бір белсенді тұрығыны Азамат Сәрсенбаев та  өз ойын айтты. Каспий маңындағы Қаракөлге қонған қоқиқыздардың видеосынан кейін ішкі және сыртқы туризм нарықтарына аты белгілі болған Азамат Сәрсенбаев Бозжыраға қонақ үй салынғаны дұрыс дейді. Тіпті, қоғамдық тыңдаудан кейін белгілі болғандай,  қонақ үй Бозжырадан 3,8 шақырым жерде орналасады деген бастаманы да құп көріп отыр. 

«Маңғыстау – бірегей аймақ, сан түрлі киелі жері мен ерекше орны бар. Сондықтан да, оның туризмін дамыту керек. Мен неге Бозжыра жобасын қолдаймын, түсіндіріп берейін. Біріншіден, дәл Бозжыра шатқалына баратын қазір асфальт жол жоқ. Оған тек жол таңдамайтын үлкен көлікпен жете аласыз. Ал, жол таңдамайтын көлік саф даланы шаңдатып өтеді, өйткені, бір ізді жол болмаған соң, әрбір адам құмның үстінен өзі салған жолмен барады. Яғни, шаң-тозаң. «Божыраға қонақ үй салса, ондағы жануарлар, арқалар қашып кетеді» деп жатыр қарсы пікірлі адамдар. Бірақ, осы шаңның кесірінен арқарлар баяғыда қашып кеткен. Егер инвестор келсе, жол салады, инфрақұрылым дамиды. Кез келген жеңіл көлік барады. Екіншіден, халық көп келсе, ол жерде ластайды дейді. Ия, бұнымен келісемін. Бірақ, бұл құрылысқа емес, халықтың экомәдениетіне байланысты. Қазірдің өзінде Бозжыраны ластап кететіндер аз емес. Қоқыс лақтыратын орын жоқ, дәретхана жоқ. Ал, инвестор өзінің мүддесі үшін, өзінің тазалығы үшін ол жерге қоқыс жәшіктерін орнатады және тағы да өзінің мүддесі үшін ол қоқыстарды полигонға тасып, төгіп тұрады. Үшіншіден, маған көрсеткен құрылыстың тұжырымдамасында Бозжырада бір үлкен су айлағы салынады деген. Инвестор жасанды су айдынын салмақшы. Кім үшін, сол жердің жануралары үшін. Өйткені, Маңғыстауда болған туристер біледі, мен айтқан арқарлар су іздегенде тіпті Бекет Атаның басына келген адамның қолынан су ішуге дайын. Олар шөлдейді, ал, Бозжыра саф дала, құм. Егер жасанды су айдыны пайда болса, арқарлар керісінше, оралар еді. 

Ал, Бозжырадан неге алыстау емес, небары 4 шақырым жерден қонақ үй салады дегенге келсек, 4 шақырым құм аймақ үшін біраз қашықтық. Төрт шақырым жер Бозжыраның дәл жаны емес. Сондықтан, әдемі каньонға тиіп тұрмайды. Мен бұл туристік жобаны қолдаймын, өйткені, Маңғыстауда туризмді дамытып, көрсететін орындар жетерлік. Оның үстіне, инвестор өзі келіп тұр», — дейді Азамат Сәрсенбаев. 

Бозжыра мәселесіне қатысты өткен қоғамдық тыңдауға көңілі толмайтын әрі қоғамдық тыңдау дұрыс өткен жоқ деп білетін адам – биші Дана Мұса. Таланатты жерлесіміз Францияда тұрып, жұмыс істейді. Маңғыстаудың тумасы. Оның  Бозжыраға келіп түсірген «Киелі би» фильмы халықаралық кинофестивальдерге қатысқан. «Бозжыраны құтқару үшін қол қусырып отыруға болмайды» деген девизбен ол өткен демалыс күні Парижде наразылық акциясын өткізді. Түк дайындықсыз, эмоцияның ырқымен өткен жиын болса да, Бозжыраны сақтау үшін үн қосқым келді деген Дана daynews-қа Бозжыраға қатысты өзі және өзінің француз әріптестері не ойлайтынын айтып берді. «Мен соңғы рет Бозжыраға 2019 жылы жазда, тамыз-қыркүйек айларында барғамын. 2020 жылы өкінішке қарай бара алмадым, өйткені, білесіздер, карантин, пандемия. Әйтпесе, мен туған жеріме, Маңғыстауға жыл сайын баруға тырысамын. Сол 2019 жылы біз Маңғыстау өңіріндегі қасиетті жерлердің бәріне дерлік бардық. Атап айтса,  Шерқала, Бекет Ата, соның ішінде Бозжыраға бардық. Бозжыраның даласына түнедік. Сол түні аспаннан көргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, менің өмірімдегі ең тамаша experience, яғни, ең ерекше сезім сол  болды. 

Менімен еріп барған француз досым Бозжыраның сұлулығына, ондағы көрініске, оның рухани келбетіне, тамаша энергетикасына қайран қалды. Бұл шынымен жердегі Марс деуге болады. Тек Бозжыраның аспанынан ғана  ең жарық жұлдыздарды көрдік. Менің операторым Александр Мөрфи ( Alexander Murphy) Аргентина, Исландия, Бразилия, Америка, Жапонияның жабайы табиғаттарын аралаған. Бірақ, Бозжырадағыдай сұлулықты еш жерден көрген жоқпын дейді. Енді, келіп сол сұлулықты бұзбақ болғандарды көру, әрине, жаныңа баталды. 

Неге табиғатты бұзады деп айтып тұрмын? Себебі, Бозжырадан төрт шақырым жерде қонақ үй салу эстетиканы былай қойғанда, экологиялық тұрғыдан мүмкін емес дүние. Өйткені, республиканың (Қазақстанның) ең беделді, ең тәжірибелі экологтары дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, Бозжырадан кемі 20 шақырым жерде құрылыс салуға болмайды. Мархабат, Бозырадан 30-40 шақырым жерге барып, сала беріңіздер деп отыр, яғни, экологтар негізгі осьтен алыс барып салыңыздар дейді. Бірақ, неге екені белгісіз, инвестор қонақ үйін Бозжырадағы таудың жанына салмақ. Ол жерге бетон қонақ үйді түсті деп елестетудің өзі қорқынышты. Қонақ үй сол жердің бірегей ландшафтын құртады. Жабайы табиғатты алайық, ол жерде арқарлар бар, олар кетеді. Әрине, біз туризмнің дамуына қарсы емеспіз, дамытыңыздар. Ол жақта Каспий бар, сан түрлі қасиетті мекен бар, дала да бар, тау да бар. 2018 жылы түсірген «Киелі би» деген фильмімізді көргендер бір елдің әртүрлі аймағында емес, әлемнің әртүрлі елінде түскен фильм сияқты дейді. Бірақ, біз фильмді тек Маңғыстауда ғана түсірген едік. 

Туризмді дамытпа демейміз. Бірақ, туризм ақылмен даму керек, турзмиді ғана емес, экотурзимді дамыту керек. Қазір бүкіл әлем эко өнімдерге ауысты, табиғаттың қалған әдемі жерлерін сақтауға тырысады.  Адамзат әлемді онсыз да әбден бұлғады. Әрбір минут сайын адамзат мұхитқа бір жүк көлік қоқ тастайды екен. Яғни, адамзаттың жасап отырғаны – қастық.  Адамзаттың тағы бір планетасы, тағы бір отаны жоқ, сондықтан, оны көздің қарашығындай сақтау керек», — дейді ол.

Ал, Парижде өткен митинг дайындықсыз, көңіл-күйдің жүйрігінен бола тез өтті деген ол акцияға аз адам жиналды дейді.Үні ақырын шықса да, ол Бозжырада қонақ үй әлі де болса салынбайды дегенге үмітті. 

«Бұл эмоция ерік алған шара болды, яғни, дайындықсыз, ұйымдастырусыз өтті. Бірақ, 5 ақпан күні өткен қоғамдық тыңдаудан кейін, инвестор мен әкімддер сұрақтарға жауап бере алмаса да, қоғамдық тыңдауды өтті деп санаған. Бозжыраны қорғап жүрген біздер бірдеме істеу керек деп шештік. Петиция да, хат та жаздық. Олардан әзірге нақты нәтиже жоқ. Сондықтан біз қолдау ретінде бейбіт жиын өткіздік. Саяси астары жоқ, экология мен жерді қорғау үшін жиналдық. Менің Отаныма, оның табиғатына деген таза махаббатымнан пайда болған ой еді. Егер біз келбетіміз Маңғыстауды жорғалтып алсақ, өкінішті болар еді. Митинге аз адам келді. Тағы қоса кетерім, ол жерде қонақ үй салынса, фауна ғана емес, ол жерде артық дыбыс және артық жарық пайда болады. Яғни, жұлдыздар бұрынғыдай жарық болмайды.  Тағы да айтамын, қонақ үйді алыстан салсын, қоқысты бақылайтын орталық салынсын. Бірақ, Бозжыраның етегіне vip-қонақ үй салуға болмайды. Бозжыра сияқты жерлерге тек шатыр тігіп жату керек», — деді ол.

 Осы пікірталастың соңғы сөзін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов әлеуметтік желіге жазған мәлімдемесі нүктелеп тұрған сияқты. Өйткені, облыс әкімі «Бозжыраға қонақ үй салыну керек деп нақты жазған. Ол Бозжырадағы құрылысқа қарсы петиция мен осындай наразылық акцияларынан кейін Бозжыраға қатысты пікір білдіруге мәжбүр болған.  «Әлеуметтік желіде Бозжыра мәселесіне қатысты Мемлекет басшысына атына жолданған хатқа орай, өз пікірімді білдіргім келеді. Сіздер туған даламыздың бір бөлшегін мақсаты бөлек бөтен біреуге қиып бере салады екен деп ойламаңыздар. Барлығы да заң аясында іске асырылады. Сонымен бірге атқарушы орган өз тарапынан инвесторға табиғатты қорғау, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, халықтық құндылықтарымызды сақтау, туризмді әлемдік өркениетпен, адами, мәдени нормаларды сақтай отырып жүргізу бойынша нақты талаптар қойылып, қатаң қадағаланатын болады. Мұнай қоры да бір күндері таусылады. Қазір бізге туризмді дамыту арқылы табысқа қол жеткізу пайдалы болып отыр. Оған табиғи мүмкіндігіміз де, теңізіміз де, көрікті жерлеріміз де бар.

Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Инвестор ақша саламыз деп, өзі келіп тұрса, неге одан бас тартамыз?! Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Сондықтан, Бозжырадағы жобаны іске асыруымыз керек! Ол ел болашағы үшін керек!», — деп жазған  Трұмов. 

Etiketter:

Stängt för kommentarer