DayNews » Лента новостей » Депутат Қазыбек Иса: Ахаңнын тойынан аянып қалмауымыз керек

Депутат Қазыбек Иса: Ахаңнын тойынан аянып қалмауымыз керек

Фото: из открытых источников


ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрінің орынбасары  Е. Тоғжановқа Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты депутаттық сауал жолдады. 

Келесі жылы Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ғылымын академиялық жолмен ұйымдастырушы, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы шоғырын тәрбиелеуші аса ірі тұлға, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді.

Осы мерейтойға байланысты үкімет комиссия құрып, жұмыс жоспарын жасады.

Дегенмен, Ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында жасалуы тиіс шаралар да жеткілікті.

Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған Алаш арыстары Қазақ Елінің Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз қайрат көрсетті және ұлт азаттығы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білді.

Қазақ тіл ғылымының қазығын қағып, шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен, бір өзі бір академияның жұмысын істеген, феномен дарынды Ахаң - Қазаққа құдай бере салған асыл қазына!

Ахаңнын тойынан аянып қалмауымыз керек! Ұлттың Ұлы Ұстазы Ахаңның тойында шаппағанда, қайда шабамыз?!. Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы тиіс!

Қостанай  облысы әкімдігі Жангелдин ауданы орталығынан 100 шақырымдай жердегі шамамен 100-дей отбасы тұратын Ахаң туған ауылға ғалымның атын бердік дейді. Ауыл түгілі облысқа берсе де лайықты болатын Ұлт ұстазының аты алыс шалғайдағы жолсыз ауылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс.

Алашқа, яғни Қазаққа қарсы күрескен Жанкелдиндердің елді жаныштаған 70 жылдық  заманы келмеске кетті! Алаш көсемі Ахаңдардың армандап, айқасқан Тәуелсіз Қазақ Елінің заманы келгеніне 30 жыл толды. Ендеше, Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптың  туған ауданының аты әлі күнге дейін қызыл большевик, кезінде ұлты мен дінін сатып, Николай Степнов болған   Жангелдиннің атында болуы елге де, ерге де, ең алдымен әруаққа қиянат! Ауданға 150 жылдығын  әлем атап өткелі отырған Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атын беру керек! Бұл тарихи әділеттілік болар еді.  Бұл туралы Жанкелдин ауданының тұрғындары, Ахмет пен Ақкөл ауылдарының 292 адамы Президент Тоқаевқа Ашық хат та жазған. Бұл Саяси бағдарламасына декоммунизацияны басты бағдар етіп алған «Ақ жол» партиясының мақсатына да сай келеді.

Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі етуі жазылмаған заң! Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ! Әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ. “Әруақ разы болмай, тірі жарымайды” деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық.

Елдің тағы бір талабы - Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру керек. Ұлттың ұлы ұстазының елін көруге келгендерді қала қақпасы әуежайдан Ахаңның өзі қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе?

Ұлт ұстазының еңселі ескерткіші тек Қостанаймен, қос астанамен ғана шектелмеуі керек! Бүкіл Тұранның тұлғасы дерлік Ахаңның ескерткіші Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыздың бірі Қызылордада, Шымкентте, барлық облыс орталықтарында да тұруы тиіс! Түркияда Анкарада, Ресейде Орынборда, Өзбекстанда Ташкентте, Әзірбайжанда Бакуде ескерткіштерун орнатуға қол жеткізу керек.

Барлық облыс орталықтары мен қалаларда  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшелер мен мектептер, ескерткіштері  міндетті түрде болуы тиіс. Ал Павлодар қаласында Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, Ұлт Ұстазының атында бір көше,  бір мектеп болмауы нені білдіреді? Петропавл қаласында да бір көше жоқ! Өзге ұлт өкілдерінің атауынан аяқ алып жүре алмайтын Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы  әкімдері Алаш көсемдерін біле ме екен? Тіпті, қалың қазақ тұратын Ақтауда және Қарағандыда  Ахаңның атында бір көше де жоғына не айтуға болады?

Ахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.

Еліміздің астанасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ұлттық құндылықтарымызды, ең бастысы- қазақ тілінің сан қырлы насихатымен айналысатын көп салалы мәдени- танымдық орталық ашылуы тиіс.

Қоғамның талабымен тарихи нысан әрі мәдени ескерткіш болып табылатын Ахмет Байтұрсынұлы МУЗЕЙ-ҮЙІ екі ай бұрын Алматы қаласы балансына өтіп, Алматы қаласы музейлер кешенінің санатындағы сегізінші музей болды. Негізінен, еліміздегі ерекше тарихи тұлғаның жәдігері болып табылатын бұл музей дербес мекеме болуға толық құқы бар. Сондықтан алдағы уақытта республикалық статус берілу керек. Және бұл мекеменің атауы еш өзгеріссіз АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МУЗЕЙ ҮЙІ деп жазылуы міндетті. Әйтпесе, қазір Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстарының тегіне жөн-жосықсыз «ов» жотарлық жалғауын қосып жіберу етек алуда. Ал олар тектерін «ов»-сыз қазақша жазылуы туралы арнайы мәлімдеме жасаған.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мемлекеттік және ұлттық тілдің ғылыми базасын әзірлеп, тілтанымдық негізін жасап отырған, Мемлекеттік деңгейдегі жазу реформасын жүзеге асырып және ұлт ұстазының ғылыми мұраларын зерттеп келе жатқан, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейдегі қызметін ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуші бірден-бір ғылыми мекеме. Сондықтан институтқа Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қарсаңында, одан кейін де айрықша статус, жан-жақты қолдау қажет.

Ғылым ордасы (Ғылым академиясының) ғимараты – Шоқан Уәлихановтың ескерткіші, Марғұланның ескерткіші, Абай Құнанбайұлының ескерткіші сияқты Қазақстанның ғылымына арналған ерекше архитектуралық салтанатты кешен, Қазақ ғылымының аурасы есіп тұратын Қазақ ғылымының символы. Осы ансамбль Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші арқылы толығады. Себебі қазақ ғылымын академиялық жолмен ұйымдастыруды алғаш қолға алып, 1921 ҚазКСР Оқу-ағарту комиссарияты жанынан «АкЦентр» («Білім ордасы») құрған. Бұл кейін қазіргі ҚР ҰҒА мен ондағы басты ғылыми зерттеу институттарының алғашқы негізі болған. Сондықтан Ғылым ордасының Құрманғазы көшесі жағындағы қапталына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институнының жанына Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткішін орнату керек.

Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын зерттейтін жас ғалымдарды қолдау, тарту үшін арнайы стипендия тағайындау керек. Білім және ғылым саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы атаулы сыйлық болуы керек. Текстолог мамандығы. Ахмет Байтұрсынұлының есімімен байланысты Елімізде «текстология» (мәтінтанушы) деген мамандық қалыптастыру керек. Оның ішінде көне түркі, соғды жазуларымен қатар, араб графикалы ескі мәтіндерді оқитын мамандар тәрбиелеу керек. Оны арнайы мамандандырылған ғылыми мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арқылы магистратура және докторантура мамандықтары бойынша жүзеге асыру қажет. Осыған білім гранттарын бөлу керек.

Осы жылдың маусым айының басында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Ахметтану» бөлімі ашылған. Бөлімде екі ғылым докторы, екі PhD доктор, бір магистр жұмыс істейді. Бұл – Республикадағы Алаш қайраткерлерін тану мақсатында арнайы ашылған ең алғашқы ғылыми орталық. Осы бөлімнің жұмысына Минстрлік тарапынан Институт арқылы қолдау көрсету керек. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай жоспарланған Ахмет Байтұрсынұлының белгісіз мұраларын алыс-жақын шетелдік мұрағаттардан іздеу, жинау ісіне Бөлім қызметкерлерін жұмылдыру, тарту қажет.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына 2022 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын жинақтауға, зерттеуге арналған Мемлекеттік тапсырыспен орындалатын жобаға тапсырыс беріп, арнайы қаражат қарастыру қажет. Немесе Институттың Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын зерттеуге бағытталған жобаларын гранттық және мақсатты-нысаналы конкурстарда қолдау қажет.

Ахаңа жар бола жүріп, Ұлт ұстазының қазақ тәуелсіздігі жолындағы ұлы күресіне өлшеусіз үлес қосқан, сол үшін азапты  күн кешкен, ашаршылықта қайтыс болған, мұсылман дініне өткен  орыс қызы Бәдіриса шешеміз неге насихатталмайды? Халықтар достығын насихаттайтын Қазақстан Халқы Ассамблеясының қайрат көрсетер тұсы осы емес пе?

Ғылым академиясының ғимараты – Қазақ ғылымы мен руханиятының символы, қасиетті орда. Осы іргелі ғимараттың жанынан, қазірде ұлт ұстазының аты берілген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына кіреберіс жағынан кезінде Қаныш Сәтбаев түрлі төтенше жағдайлар салдарынан ғылыми мұраны қорғау үшін, бомбадан паналаушы үлкен жертөле жасатқан.  Жекелердің қолына өтіп кекткен сол жертөле  ұлттық намысқа тиетін, қазақ ғылымының киелі орнын былғап, Ұлт Ұстазының асыл рухын аяққа таптап, әруағын шулататын «Марка» гей-клубы мен “Барвиха» түнгі клубтарына айналған. Тойып секіргендер мен біржыныстылар жын-ойнағы киелі орынды ластауда.

Кезінде елді шулатқан Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған билборд осы үңгірден шыққан...  Кейін зиялы қауымның шу көтеруімен ол жарнама зорға алынып тасталды, бірақ гей-клуб пен түнгі клуб әлі дүрілдеп жұмыс істеуде...

Қазақ үшін күрескен қасиетті тұлға, Ұлттың Ұлы Ұстазы Ахаң атындағы Тіл ордасының астында  жын ордасы ойнақ салып жатуы ешқандай елдің ұғымына сыймайды! Бұл жынойнақты шұғыл тоқтатуды талап етеміз!  Осы жынойнақ орындарды жауып, ғимаратын Ғылым ордасының меншігіне алу керек.

Ұлт ұстазы – Тәуелсіз Қазақстанның әлем халықтары алдындағы бет-беделі. Ұлы ұстаз есімін ұлықтау Ел тәуелсіздігі мен дамуының, ұлттық құндылықтар мен ұлт мұратының жүзеге асып жатқанының белгісі. 

Біздің ұсыныстарымыз:

1.Ахмет Байтұрсынұлының  туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу керек.

2.Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына жол салынуы керек.

3.Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың қараусыз қалған, аянышты күйдегі қабірі мен қорымын қолға алу керек.

4. Қостанайдағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы атын беру керек.

5.Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы МУЗЕЙ-ҮЙІНЕ  ұлттық статус беріліп, штат саны шешіліп, МЕМЛЕКЕТ қамқорлығына алынуы керек. 

6. Осы музей-үй жанындағы жер теліміне АЛАШ ҮЙІ ғимаратын салу,  Алаш Арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру;

7. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы саябағына (1998 ж) тарихи тұлғаның ЕҢСЕЛІ ескерткішін қою;

8.Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына айрықша статус, қаржылық қолдау қажет.

9. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ ғимаратының алдына ғалымның ескерткішін орнату.

10.Келесі жыл – ЮНЕСКО бойынша Ахмет Байтұрсынұлы жылы болғандықтан, тіл атасы құрметіне елімізде келесі 2022 жыл - Мемлекеттік тіл жыл болуы тиіс.

11. Астанамыз бен барлық облыс орталықтарында Ахаңның ескерткіші  тұруы тиіс! Ресейде Орынборда, Анкарада, Ташкентте, Бакуде ескерткіштерін орнату керек.

12.Еліміздің астанасында Ахаң атындағы көп салалы  мәдени- танымдық орталық  ашылуы тиіс. 

13.Ахаңның асыл мұраларын  Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.

14. «Қазақ» газетінің 7 томдығын, «Айқап» журналының 5 томдығын, «Сарыарқа» газетінің 1 томдығын шығару керек.

15.Тіл білімі институты астындағы «Марка» гей-клубы, «Барвиха» түнгі клубтарын жабу керек.




 


 



Подписывайтесь на наш телеграм! Будьте в курсе всех событий.   Подписаться!
Будьте в курсе всех событий.   Подписаться!
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

0 комментариев

Ваше имя: *
Ваш e-mail: *
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код: