Тоқаев Ауғанстандағы жағдайдың өзгеруіне байланысты қауіптерге алаңдаулы » Новостной портал Казахстана — Daynews.kz

Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаланы қабылдады, деп хабарлайды Daynews.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.

Әңгіме басында Қасым-Жомарт Тоқаев Тери Хакаланы жақында қызметке тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі.

Тери Хакала Қазақстан Президентіне Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельдің жолдауын жолдады, онда ол қазақстандық көшбасшыға жыл соңына дейін Брюссельге сапармен келуге шақыруын растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуропалық одақпен стратегиялық өзара іс-қимылының ахуалына оң баға берді, оған 2020 жылғы наурызда күшіне енген кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшті серпін берді.

«Біз Еуропалық одақпен серпінді сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы жетекші сауда серіктесі болып табылады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда 24 миллиард доллар белгісіне жақындады», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы мен Еуроодақтың арнайы өкілі дағдарыстан кейінгі кезеңдегі өзара іс-қимылдың перспективалық векторлары арасында жаңартылатын энергетика, жоғары технологиялар, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын атады.

Халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Ауғанстандағы жағдайға басты назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдегі әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруінен туындаған қауіп-қатерлерге алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қазіргі кезде туындайтын тәуекелдердің негізгі ауыртпалығын шиеленіс ошақтарына тікелей жақын орналасқан Орталық Азия мемлекеттері көтереді.

Кездесуге қатысушылар Ауғанстанның барлық аумағында тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті тез арада қалпына келтіруді, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, Кабул халықаралық әуежайынан кедергісіз эвакуациялауды қамтамасыз етуді жақтады.

Қазақстан Президенті мен ЕО-ның арнайы өкілі Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастар үшін оның маңыздылығын ескере отырып, осы мәселе бойынша байланыстарды қолдауға дайын екендіктерін растады.

Тери Хакала Қазақстанның төрағалығымен Женевада өтетін ДСҰ министрлік конференциясын құптады.

Әңгімелесу барысында сондай-ақ Орталық Азиядағы өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективалары, оның ішінде өңір мемлекеттері басшыларының Түркіменстандағы III консультативтік кездесуінің қорытындылары тұрғысынан да пікір алмасылды.

Etiketter:

Stängt för kommentarer